ОША саяхаты. 2-бөлім. Үндістан. Дели — Амритсар

Бұл пост Үндістанға ұшып келгеннен бастап Дели мен Амритсар қаласында өткізген 5 күн аралықта болған қызықты және емес оқиғалар, кішігірім кеңестер мен жалпы әсерім туралы.

Ablay Adilkhanov
15 min readMar 25, 2018

Әлі Қазақстанда

3 күн қалғанда Райымбек екеуміз жолығып, ананы алдың ба, мынаны алдың ба деп бір-бірімізді түгендеп, ақшаларымызды шоттан шығарып, долларға аударатынын аударып, қалғанын 2–3 картаға бөліп салып алдық. “Артемға” барып, қалған ұсақ-түйектерді алып, өзімізше жолға сақадай сай отырдық.

Cool story
“Артемды ”аралап жүріп, иығыма іліп жүрген сумкамды жоғалтып алдым. Ішінде шетелдік төлқұжатым бар. Зәрем ұшып кетті. Жарты жыл дайындалып, барлық билеттерді сатып алып, үш күн қалғанда құжат жоғалтып алу, ол әр адамның қолынан келе бермейді :) Бірақ, кірген бутиктерімізді аралап жүріп, тауып алдық.

3 желтоқсан, 1-күн.

Сонымен, today is the day! Әуежайға 4 сағат бұрын келіп алдық. Шығарып салушыларға үстіміздегі қалың киімдерді тастап, Қазақстаннан еш “оқиғасыз” шығып, ұшаққа отырдық та, Делиге ұшып кеттік. Бір айлық саяхаттың алғашқы күні басталды.

Астана әуежайында ұшақ күтіп отырған кез

Astana, International airport (20:35) → New Delhi, Indira Gandhi International Airport (00:10)

Дели

Нью Дели, Индира Ганди атындағы халықаралық әуежай

4-желтоқтанға қараған түні сағат 00:10-да Делиге қонып, шекаралық бақылаудан тыныш өтіп, ресми түрде Үндістанға кірдік. Қонақүйге ақша шығындамай, әуежайда қонамыз деп жоспарлаған болатынбыз.

Long cool story
Райымбекке, заттарымды тастап, әуежайды аралап, ақша ауыстыратын, симкарта сататын жерлерді қарап келейін деп кетіп қалдым. Аралап жүріп, байқамай әуежайдан шығып кетіппін. Шыққан есігімнен қайта кірейін десем, қаруланған екі күзетші “бұл жерден кіруге болмайды” дейді. Жап-жаңа осы жерден байқамай шығып кетіппін, фук етіп кіріп кете салайыншы десем де көнбеді. Кіретін жер анау жақта деп сілтеп жіберді. Айтқан жеріне барсам, ол жердегі күзетші “билетіңді көрсет” дейді. Билет жоқ, жаңа ұшып келдім десем, онда анау жақтан кіргуге рұқсат беретін қағаз алып кел дейді. Мыналар жынды ма деп бұрқылдап, айтқан жеріне барып, ішке кіретін қағаз берші, сумкам мен құжатымды ішке ұмытып кетіппін десем, бәлен теңге дейді (қанша екенін ұмытып қалдым, көп емес негізі, 300–400 теңгенің жобасында). Бірақ менде қалтамда көк тиын жоқ еді. Барлығын Райымбекке тастап, тек смартфонымды алып шыққам. Оның өзі сеть ұстамайды. Жағдайымды айтып, барынша түсіндірдім. Құжатым жоқ, ақшам жоқ, бәрі сумкамда. Сумкам іште қалып қойды, мен байқамай әуежайдан шығып кеттім. Ішке кіріп, сумкамды алам да шығам дедім. Түсіне қоятын ол жоқ. Онда бәлен жерге барып “заттарымды жоғалттым” деген арыз жаз дейді. Өйғойш, сендерді ма! Шығып кеткен есіктің алдында “қазір Райымбек мені іздеп шығатын шығар” деп күтіп отырып, ұйықтап кетіппін. Оянсам сағат түнгі 3:00. Қой, бірдеңе істейін деп, әуежайды жағалап, терезелеріне үңіліп, Райымбекті іздей бастадым. Әйтеуір көрінетін жерде, дәл терезеге қарап екі сумканы құшақттап ұйықтап отыр екен. Бірақ терезе қалың, оқ өткізбейтін терезе болса керек, айқайлап, терезені ұрсам да ешкім мені байқамады. Ақыры оята алмағасын, әрірек жүріп жұқа терезе тауып алып, соткасын шұқып отырған европалықты терезені қағып, шақырып алдым. Соткама “мен далада қалып қойдым, досым анау жерде ұйықтап жатыр, оятып сыртқа шығарып жіберші” деп жазып, оған оқыттым. Әңгіме жоқ, барды да Райымбекті оятып жіберді. Сөйтіп, түнгі 3:30-да екеуміз де сыртқа шықтық.

Үндістанда жеген алғашқы асымыз

Қонамыз деген әуежайдан шығып кеттік. Бүгінге қонақ үй брондаған жоқпыз. Оның үстіне ақша ауыстыратын, симкарта сататын жерлердің бәрі әуежайдың ішінде екен. Ал бізде рупий жоқ, тек доллар.
Әуежай сыртындағы кафешкалардан үнді фастфудымен тамақтанып алып (ақшаны Райымбек картамен төледі, кейін бұл әрекет үлкен ыңғайсыздық туғызатын болады), жататын орын іздедік.

Ойлана келе, әуежайға тиіп тұрған метро станциясына түстік. Ішінде үнділер жәйбірақат тізіліп ұйықтап жатыр екен. Біз де бір бос бұрыш тауып, жамылғымызды жайып ұйықтауға кірістік. (мен таңға дейін ұйықтай алмадым, Райымбек 2 сағаттай ұйықтап алды)

Стрелкамен көрсеткен жерге (сол жақ бұрышына) жайғастық

4-желтоқсан, 2–күн.

Сонымен, таң атып, екінші күн басталды. Әуежай жағалап жүріп, сырттағы коммерсант үнділерден сәл төмен бағамен $50 ауыстырып алдық та метроға мініп, симкарта сататын кеңсеге бардық.)

Дели метросы

Жалпы Делиде бір өзің жүрсең, метродан артық көлік жоқ. Қаланың барлық делік жеріне барады. Surprisingly таза. Қарбалас сәттерде әрине адам көп болады. Бірақ аферист туктукшілерден мың есе шүкір.

Симкарта сататын кеңсе 10:00-ден ашылады екен. Уақыт жоғалпай, симкартасыз-ақ жүре берейік деп тізімдегі көрнекі жерлерді аралауды бастап кеттік. Сағат 7:30 болды.

Қала аралау

Кутб мұнарасы

Бірінші барған жеріміз. Метромен ең жақын станциядан түсіп қалып, ары қарата 50 рупиймен туктукпен бардық (негізі жаяу баруға болатын еді, бірақ, туктукерлер “умеет убеждать”). Кіру бағасы 500 рупий. Бұл жерді бір сағаттай араладық.

Cool story

Хумаюн кесенесі

Кейде кіші Тадж-Махал деп те атайды. Аграға бара алмайтын болсаңыз, осында келсеңіз болады.) Билет құты 500 рупий. Біз мұнда 30 минут болдық.

Раджпат көшесі

Дәл біздің нұрлы жол сияқты (әлде керісінше) орталық көшесі. Бірақ аздап жұпынылау. “Үндістан қақпасынан” басталып, президент сарайынан аяқталады. Бастысы, тегін! Қақпадан президент сарайына дейін 3 шақырым жаяу жүріп, бір сағат уақытымызды жұмсадық.

Қаңғып жүргенде түс қайтты. Әбден шаршадық. 50 рупийге келісіп туктукке отырып хостеліміздің адресін айттық. Ол орта жолда бізді өзінің магазиніне апарайын деп басымызды айналдырып, біз “құдайақы ешқайда апармай-ақ қойшы, хостелімізге жеткіз” деп жалынғандай болып, ақыры ешқайда апармауы үшін 20 рупий артық төледік. (айттым ғой, туктук жүргізушілеріне жоқ деп айту мүмкін емес)

Cool story

Біздің “Backpackers Heaven@ New King” деп аталатын хостел орталық базардың қақ ортасында орналасқан. Бағасы бір түнге 400 рупий (шамамен 2000 теңге). Бұдан арзанын да табуға болады, бірақ бұл керемет болмаса да бағасына сапасы сай тәп-тәуір хостел болып шықты. Өзіме ұнады. Өкінішке орай хостелді суретке түсірмеппіз, бірақ сілтемесі міне.

Мэйн базар

Қаланың “бару керек” жерлерінің бірі. Өте шулы, өте лас, нағыз үндістан. Осында түскі ас ішіп, симкарта сатып алып (700 рупий) үйге хабарласып, амандығымызды айтып, хостелге барып бір мызғып алдық та, кешке базар араладық. Осымен екінші күн де соңына таяды.

Мэйн базар

5-желтоқсан, 3-ші күн

Велорикша жүргізушісіне 20 рупий беру сәті)

Таңертең 9:00-да оянып, жуынып-шайынып, таңғы ас ішіп алдық. Бүгін бару керек деген жеріміздің бірі Джама мешіті біз орналасқан жерге жақын болып көрінді. Жаяу жүріп, қала аралап мешітке барайық деп жолға шықтық. Вокзалдың арғы жағына шығып, жүріп келе жатырмыз. Бір кезде өте лас ауданға кіріп кеттік. Шетіне шығатын шығармыз деп келе жатып одан да бетер жерден бір шықтық. Бірбәле болып қалмай тұрғанда деп өзіміздің “таза” базарымызға қайтып, метро станциясына дейін 20 рупийге велорикшаға міндік те қызыл қамалға (Ред форт) аттандық.

Әлгі “шантарамский ” көшелер

Ред форт

Метро станциясы дәл қамалдың жанында орналасқан. Қамалдың ішіне кіріп, жоғарыға көтерілеміз ба деп ойлап едік, билет құны 500 рупий дегесін, сырты да былай “ничего” деп, суретке түсіп, келесі жерге кетіп қалдық.

Джами мешіт

Қамалдан мешітке қала аралап жаяу 30 минутта бардық. Бұның да ішіне кіру ақылы екен. Қалайша мешітке кіру ақылы деп басында сенбедім. Бірақ, солайша! Құны 300 рупий. Сырты да жарайды деп, баспалдағында (теппесінде) біраз отырып демалып, бір-екі суретке түсірдік те, қала аралауды ары қарай жалғастырдық.

Лотус ғибадатханасы

Тағы біраз жаяу жүріп, метроға отырып Лотус ғибадатханасы деп аталатын Бахаи дінінің сыйыну үйіне келдік. Бұл дін туралы бұрын да біраз оқыған едім. Жалпы өзіме осы дін ұнайды :) Кіру тегін, тап таза, тып-тыныш жер (адам көп демесеңіз). Бұл жерге кеше келген болатынбыз, бірақ дүйсенді жабық болады екен. Сондықтан, баратын болсаңыз естеріңізде болсын.

Лотус ғибадатханасы

Ғибадатханадан шығып, біраз жаяу жүріп кішігірім ОСО сияқты тамақ ішетін жер тауып алдық. Ішіне метал іздегішпен кіргізеді екен. Ол жерден өзімізге таныс KFC-мен тамақтанып, біраз демалып, вокзалға жылжи берейік деп шештік. Ғимараттан шығып, бір көше аса бергенде техно көшеге тап болдық. Майкрасофт, адоб лицензияларын көшеде шемішкі сатып тұрғандай айқайлап сатып жүр. Міне қызық :)

IT көше

Көше аралап жүріп пойызымызды ұмытып кетіппіз. Метроға мініп, вокзалға жақын станциядан түсіп қалдық та кешігіп бара жатқасын ары қарата 70 рупийге туктукке отырып, вокзалға келдік. Пойыз жарты сағатқа кешігіп келді. Бұл елде пойыздардың кешігуі қалыпты жағдай дейді. Кешіккенде де “от души” 5–6, 10–12 сағат кешіге беретін көрінеді. Бұны естіп біраз уайымдап қалдық. Себебі Үндістанды тек пойызбен аралайтындай етіп жоспарлап, билет алып қойған едік. Арада бір пойызымыз 4–5 сағатқа кешіксе жоспарымыз наққа кететін еді. Бірақ саяхаттың қызық жері де осынысында. Алда көре жатармыз деп, пойызға отырып, жолға шықтық. Осымен Делиде болған ұзақ екі күн осылай аяқталды. Келесі, Амритсар қаласы!

DELHI (21:50, 5-желтоқсан) → AMRITSAR JN (07:50, 6-желтоқсан)

Үндістан пойызы

Елді аралаудың ең арзан әдісі. Арзан болғанда, таңдаған әдісіңізге байланысты. Орынсыз билет, отыратын орынға билет, жататын қаңылтыр вагонға, үш қабатты купе, екі қабатты купе, төсек орнымен, тамағымен, салқындатқышы бар купе деген сияқты неше түрі бар. Бағалалары да ыңғайлығына байланысты өсе береді. Біз есік-терезесі жабылмайтын, үш қатабатты вагонның үшінші қабатына алдық. Билет құны 1200 теңге :)

Дели, қорытынды.

Үлкен, шулы, көлік пен адам көп, өте лас көшелері мен жаңа ғимараттары іргелес орналасқан контрастты мегаполис. Лас екені айтпаса да түсінікті шығар. Өте лас! Бірақ әдемі, тыныш, таза жерлері де жоқ емес. Жалпы Үндістанды “саяхатымыз демалыс сияқты болып кетпесін” деп әдейі қосқанбыз. Күткен әсерімізді алдық десек те болады :) Бұл елден аман шықсаңыз, басқа кез-келген ел “левый берег” болып көрінетін болады.

Амритсар

6-желтоқсан, 4-ші күн

11 сағат жүріп, Панджаб штатында орналасқан, Сикхтардың басты қаласы Амритсарға жеттік. Пойызымыз екіжарым-ақ сағат кешікті. Бірақ түнде, вагоның есік-терезелері жабылмайтын болғасын, жел ұрып, тоңып, өліп қала жаздадық. Төсек-көрпе жоқ. Алып шыққан барлық киімімізді киіп, жамылғымызға орансақ та шыдатпады.

Вокзалдан шығып, 150 рупийге туктукке отырып Хармандир-Сахиб орталық ғибадатханасы орналасқан басты көшесіне бет алдық.

Гурудвараға апаратын басты көше

Cool story

Орамалды (гурудвараға баскиімсіз кіргуге болмайды) көшеден сатып алмай-ақ қойыңдар, ғибадатханаға кіретін жерде тегін береді деп интернетте жазған. Бірақ көшеде келе жақтанда бір сақалды қария тоқтатып алып, басымызға сары орамалын байлап жіберді. Ол да бетімізге қарап, алақанын жаяды. “Неше теңге” десек, “көңіліңізден шыққанын бер” дейді. 20 рупий ұстатып жібердік. Аса риза болмағаны түрінен белгілі болды. (суретте 20 рупийлік орамалмен, ал, анау кісі бізге Вагах шекарасына апаратын көлікке билет ұсыну әрекеті үстінде)

Көшеге кіргеннен бастап алдымыздан шопыр үнділер қаптап шығып, Вагах шекарасына көлікке билет ұсынып, жүргізбеді. “Қазір, қонақ үйге орналасып алғасын аламыз” десек, “үлгермей қаласыңдар” деп асықтырып, ощм саудаласа келе, шекараға дейін туктукпен баратын болып, 100 рупийге алдын ала билет алып қойдық. “Сағат екіде кешікпей келіңдер” деп ескертіп жіберді.

Көшенің арғы шетіне шығып, брондап қойған гестхаусымызға (ASHA GUEST hOUSE) бардық. Бұл жолы да таңдауыма өкінбедім. Орталыққа жақын, бірақ тыныш қуыста орналасқан. 5 минут жүріп ғибадатханаға жетуге болады. Бағасы 300 рупий (1500 теңге). Бөлмемізге сөмкемізді тастап, жақын жерден 150 рупийге түскі ас ішіп алдық.

Қонақүйіміз орналасқан көше мен “ресепшн” :)

Сағат екі болсын деп көше аралап, уақыт өткізіп, шекараға баратын көлігіміз жүретін жерге жылжыдық.

Кіп-кішкентай туктукке 10 адам қалай сыйып кеткенін өзіміз де түсінбей қалдық. Райымбек екеуміз тағы бір үнді жігітпен артындағы багажникке жайғастық. Пәкістан шекарасына дейін 30 шақырым жолды бір сағат жүріп бардық.

Вагах шекарасы

Үндістан мен Пәкістан арасында өтуге болатын жалғыз шекаралық пункт. Екі ел қарым-қатынас статусы былайша айтқанда “все сложно”. Бұл шекараны кейде “Азиядағы Берлин қабырғасы” деп те атайды. Мұнда келген себебіміз, шекарада күн сайын ұйымдастыратын “байрақ түсіру” рәсімі. Соңғы бәлен (нақты санын білмеймін, бірақ, 20–30 жыл деп естідім) жылдан бері тоқтамастан өткізіліп келе жатыр мыс. Күн батқанда жалауларын түсіру кезінде екі жақ болып, айқайлап, күштерін көрсетіп, билеп, өлең айтып, сап түзеп жүріп, дүркіретіп салтанатпен шекараны жабады. Екі жақ та бір-бірінен асып түсуге тырысады. Күн сайын, жоқ дегенде 200–300 көрермен жиналады.Біз, бұл қызықты да көрейік деп келдік :) Көлігіміз шекараға 2 шақырым жерден түсіріп тастады. Ары қарата жаяу жүріп бардық (велорикша жүргізушілері “шекара алыс, апарып тастайын” деп өз қызметін асқан құлшыныспен ұсынатын болады, бірақ жаяу жүріп бару дым емес). Шекараға тек құжаттар мен бағалы заттарды ғана алып кіруге болады (смартфон, фотаппарат алып кіруге болады). Бірақ, пауер банк алып кіруге болмайды екен. Сондықтан, сырттағы сақтау камерасына иыққа асатын сумкамызды тастап кеттік (100 рупий). Сағат үште барып, туристерге арналған орынға жайғастық. Сол шамада шара басталып, үш сағаттай уақыт бойы айқайлап, шулап, ән айтып, (аса қызуқандылар ортаға шығып билеп), кейін екі жақ шекара күзеті қоқаңдап, адымдап жүріп, әйтеуір білгенін істеп, әзер дегенде жалау түсіріп, шекара қақпасын екпінмен итеріп жауып жіберді. Бәрі ду қол шапалақтап, үйлеріне 5-тің шәйін ішуге тарай бастады. Қызық!

Түсіріп кеткен жерге келіп, өзіміздің туктукті тауып алып, қалаға қайттық. Сағат кешкі 7 болды. Кешкі ас ішуге кірісіп, еті бар тамақ сататын ресторан іздеп едік, бұл көшеде ет сататын жер жоқ! деп кесіп айтты. Етсіз тамақпен ауқаттанып алғаннан кейін, кешкі сағат 8-де алтын ғибадатханаға кірдік.

Хармандир-Сахиб гурудварасы

Мен үшін Амритсарға келуіміздің басты себебі осы болды. Сикхтар үшін өте қастерлі, “сикхтар меккесі” деп те атайды. Жалпы сикх дінінің өзі ислам мен индуизм діндеріненің қосындысы десем осы мақаланы оқып отырған сикх қанжарын алып маған жүгірмес па екен :) Дін туралы айтып авария болмай-ақ қояйын. Жалпы жақсы дін. Гурудвара туралы айтайын. Ішіне кез-келген адам кіруге болады. Тегін тамақ пен тегін жатын орын қарастырылған. Басты талап, өзіңді тәртіпті ұстау. Қол-көмек көрсету, ыдыс-аяқ жуып көмектесу, ақшалай көмек құпталады. Гурудвара ішіндегі атмосфера деген енді, сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Қатты әсер қалдырды. Бұл қаланы жоспарлау барысында, осы ғибадатханада тегін қонып, тегін тамақтанамыз деген ой болған. Бірақ, кейін, өйтіп құнығуға ұялдым .) Осымен бұл күн де соңына жетті.

7-желтоқсан, 5-күн.

Басты мақсатымыз шекараға бару мен ғибадатханаға кіру болатын. Сондықтан, Амритсарға қонбай кеше түнде кетіп қалуға болатын еді, бірақ Джайпурға жүретін пойыз кестесіне сай келмегендіктен қонатын болдық. Бұл күн асықпай қала аралауға кетті. Қала дегенде, онша алысқа бара қойған жоқпыз. Тек орталық көше бойында орналасқан базар мен парктерді араладық. Пойызда өткізген түн еске түсіп, тағы ондай бір түн өткізгіміз келмей, базардан 200 рупийге қалыңдау көрпеше салып алдық.

Түске дейін уақыт өткізіп, сағат 14:30-да пойызға отырып, Джайпурға кеттік. Билет құны 400 рупий (2000 теңге). Алдынғы пойыздағыдай, қаңылтыр вагон, 3 қабат.

AMRITSAR JN (14:30, 7-желтоқсан) → JAIPUR (07:30, 8-желтоқсан)

Амритсар, қорытынды.

Қала өте ұнады. Діни маңызы зор қала болғандықтан кездестірген адамдарымыз мейірімді, иманжүзді болды. Қала атмосферасы рухани, діни эйфорияға қанық десем қалай? Өте таза, орталық көшеге көлік кіргізбейтін болғандықтан туктук сигналынан құлағымыз біраз тынышталып, демалып қалдық. Қалада адамдар көп болса да, ретсіз абыр-сабыр болып жатқан жоқ. Адамдарға келер болсам, негізгі тұрғындары олар — әрине сикхтар. Яғни сикх дінін ұстанушылар, панджабилер. Өте батыл, намысшыл, жауынгер халық. Басқа үнді халқынан өзгеше. Барлық адам тең деп санап, кастаға бөлінуді мойындамайды. Мұнда гурудвара үшін, сикх тұрмысымен жете танысу үшін тағы келер едім.

Постты жалғастырып, қалған екі қала туралы да жазып жіберейін деп едім. Бірақ, километр текстпен сіздерді жалықтырмайын деп, Үндістанды екі бөлікке бөліп жазатын болдым.

Келесі пост Джайпур мен Агра қаласы және Непал шекарасына дейін қалай пойызбен барғанымыз туралы болады. Әлі жалығып кетпесеңіз, бізбен бірге болыңыздар :)

p.s: Барлық суреттер Райымбектікі (Samsung S8 смарфонымен түсірді)

--

--