ОША саяхаты. 2.1 бөлім. Үндістан — Джайпур
Джайпур қаласында болған кулсторилар мен барған жерлеріміз туралы баяндама.
Джайпур
8-желтоқсан, 6-күн.
17 сағат жүріп, кешікпей, таңғы 7:30-да “алтын үшбұрыштың” бір бұрышы, Раджастан астанасы Джайпурға келдік. Біз раджалар еліндеміз!
Қалаға кіреберістегі станциядан түсіп қалып, “дұрыс” таңғы ас ішетін жерді іздедік. Себебі пойызда 2–3 етсіз сэндвич пен бананнан басқа ештеме жемедік. Амритсарда да жеген тамағымыздың бәрі етсіз болды. Қысқасы, қарнымыз аш. Еті бар не ең болмаса жұмыртқасы бар тамақ іздеп, гуглдан “жақын жердегі норм ресторан” деп іздеп, алғашқы көрсеткен жеріне бағыттадық.
COOL STORY
Көпқабатты қонақүйдің рестораны екен. Қонақүй нағыз бай туристерге арналғаны бірден байқалған. Бірақ оған мән бермеппіз. Ресепшнге барып, “достарымыз осы қонақүйге келу керек, соларды күтіп отырмыз. Олар келгенше таңғы ас ішіп алайық” деп (өтірік айтып), ресторанына көтерілдік. Таңғы асқа омлет, нан, шәй және 3–4 жеміс жидек аралас тарелка алдық. Бағасы асып кетсе екеумізге 600 рупий шығатын шығар деп (оның өзін көп көріп), уайымсыз тамақтанып алдық. Әкелген шоттағы бағаны көріп, екеуміз сеніңкіремей, мен нақтылап, “мынау точно біздің шот па деп” сұрадым. Өкінішке орай, қателеспепті. Таңғы ас 1770 рупийге шықты. Бұл екеуміздің Амритсарда төрт рет тамақтануға жұмсаған ақшамызды қосқаннан да көп! Шамамен 8500 теңге, КАРЛ! Әр рупийді санап, сараңдана жұмсап жүрген біз үшін, қалтамызға және көңіл-күйімізге өте ауыр соққы болды. Қалтамыздағы рупийіміз жетпейді екен. Доллар да қабылдамайтын болып шықты. Райымбектің картасымен төлемекші болып едік, қате деп, қабылдамай қойды. Олардың терминалы жасамай тұрған шығар деп, басқа екі картамызбен төлеу ойымызға да келмеді. Сөйтсек, Райымбектің картасы кенет Делиде пайдаланылғаны үшін (әуежайда түнгі асқа төледік) блокқа түсіп қалыпты. Оны кейін білдік. Банкке алдын ала ескертпесеңіз, көбіне солай жасайды. Бірақ Райымбек ескерткен болатын. Шот төлейтін рупий жетпейді. Сағат 9-дан кетті. Райымбекті ресторанға тастап, ақша ауыстыратын жер іздеуге шықтым. Жақын маңда ондай жоқ екен. Гуглдан іздеп, көрсеткен жеріне туктукпен барып, жарты сағаттан аса ашылуын күттім. Ақшаны ауыстырып, ресторанға туктукпен (барып келуге 100 рупий кетті) қайтып келіп, 1770 рупийді қимай-қимай бердік те, үндемей шығып кеттік.
Бұндай таңғы астан кейін, ас қорытып жаяу жүрейік деп орталыққа қарай жол тарттық. Жолшыбай студенттік ауданнан өттік пе әлде жалпы Джайпурда оқу орындары көп пе, әйтеуір, жолда университет, колледж, қосымша оқу орындарын көп кездестірдік.
Джайпурды қызғылт қала деп те атайды. Онысын бірден байқауға болады. Үйлер мен қабырғалардың басым көпшілігі қызыл, қызғылт түске боялған. Қала сәулеті де бірден көзге түседі. Делидей емес, жинақы, өзіндік ерекше, ортақ стилі байқалады. Европада ешқашан болмасам да, қала аздап европаны еске түсірді. Қызық :) Қала едәуір таза және қала әкімшілігі халықты тазалыққа үйретуге ұмтылыс жасап жатқанын “Clean Jaipur Green Jaipur”, “айналамызды таза ұстайық” деген сыңайлы жазулар мен плакаттардың жиі кездесуінен түсіндік.
Джаваһар Кала Кендра
“Көру міндетті” жер емес, бірақ кіру тегін :) Раджастан үкіметінің жергілікті қолөнер, көркемөнер шеберлігін сақтап қалуға және дәріптеуге арнап салған орталық екен. Көрмелер мен амфитеатр бар. Таза, тыныш жер. Көрмені аралап, ауласында отырып демалып алуға болады.
Арт центрден шығып, жаяу жүріп қала аралап, жақын жердегі ғибадатханаға келдік. Ғибадатхана жабық. Түстен кейін ашылады екен. Алдында тұрған бірнеше жүргізушілер бізді қоршап алып, өздерінің қызметтерін ұсына бастады. Қаланы жаяу аралайық деп ойлағанбыз. Туктукшілердің сендіре алатын қасиетінен ба әлде біздің “осыны жалындыртпай-ақ қояйықшы” деген қазақшылығымыздан ба, сол жерде 600 рупийге кешке дейін қала аралатып, қасымызда жүретіндей етіп бір туктукпен келістік. Жүргізушілердің туристерді апаратын жаттанды марштруттары бар. Біз де ерекшеленбейік деп, туктукке мініп, “терезеден” қала тамашалауға кірістік.
Альберт Холл мұражайы
Мемлекеттік орталық мұражай. Раджастанның ең көне мұражайы. Эдуард VII (ол кезде ханзада) 1876 жылы Үндістанға келгенде, оның құрметіне деп алғашқы кірпіші қаланған. Кіру ақылы. Билет құны шамамен 200–300 рупий.
Хава-Махал сарайы
Джайпур деп іздесең гуглдан бірінші шығатын суретте осы ғимарат бейнеленген. Біз де сол суретті көріп, осы қаланы тізімге қосқан едік. “Келу міндетті” жерлердік бірі — Хава-Махал сарайы немесе “жел сарайы”. Көптеген кішігірім терезелердің арқасында аптап ыстық күндері де сарай іші желденіп, салқынырақ болып тұрады дейді. Интернеттегі аса есепшіл адамдардың жазуы бойынша, барлық терезелердің саны тоғызжүз елу үш штук екен. Мен санаған жоқпын.
Сырт келбетін Кришнаның баскиіміне ұқсатып, ғимараттың өзін де Кришнаға арналған ғибадатхана ретінде салып бастаған. Бірақ тапсырыс беруші махараджа Савай Джай Сингх II КЕНЕТ ойынан айнып қалып, бұл ғимаратты өзінің сарайы-гаремі қылып алған дейді. Сыртынан суретке түсіп кетеміз деп ойлаған едік. Жүргізуші бізді сарайдың арғы жағына әкеліп, сарайдың сыртын көру үшін де ақша төлейді екенбіз деп ойлап, осы ғимарат үшін келгесін 200 рупийге билет сатып алдық. Сөйтсек, ол ішіне кіру үшін екен.
Осы ғимараттың айналасында тағы “көру міндетті” екі жер бар. Джантар-Мантар обсерваториясы және City Palace сарайы. Екеуін де ішіне кірмей, сыртынан тамашалап кеттік. Бірақ сіздерге кіру уәжіп.
Әне-міне дегенше түс болды. Жүргізушіге “дұрыс, ащы емес, құнарлы” тамағы бар жерге апар дегендегі әкелген жеріне кірдік. Көшенің бойында емес, сәл қуыста, аулада орналасқан жер екен. Бағасы да таңғы асымыздан 4–5 есе арзан. Екі адамға 440 рупий болды. Арнайы туристерге арналған деп “Раджастан тһалиін” алып келді. Әрине етсіз және ащы. Суретте көріп тұрғаныңыздай кәдімгі тһали. Күріш, майға піскен нан, әртүрлі тұздықтар. Екінші тәрелкеде (екінші суретте жартысы көрініп тұр) бұрыш қосылған қытырлақ нан, шәйға арналған тәттілер және шәй. Шәйға аса құмар емеспін, бірақ Үндістан шәйлары бөлек әңгіме. Шәй десе шәй. Тамаққа келер болсақ, Үндістанда бәрі ащы. Ащы болғанда енді, көзіңді жасауратып, терлетіп жібереді. Ащы емес тағам жоқ. Мен анау-мынау ащыны жей беремін. Бірақ Райымбекке аздап қиындау болды.
Амбер қамалы
Түскі астан кейін қаладан 11 шақырымдай жерде орналасқан Амбер қамалына келдік. Бұл жер де “must visite” тізімде. Туктук көлдің бергі жағынан түсіріп тастады. Биік қамал болғандықтан жаяу жоғарыға көтерілу шамамен 15-минут уақыт алады. Бірақ бұл жоғарыға шығудың жалғыз амалы емес. Қосымша ақысына төменнен піл не арнайы көлік жалдап көтерілуге болады. Біз әрине жаяу көтерілдік. Қамал үлкен, биікте орналасқан. Шамамен 6 ғасыр бұрын салынған. Қамалдың үстінде патша сарайы орналасқан. Үстінен қалаға керемет көрініс көрінеді. Кіру ақылы дегенге билет сатып алатын жер төменде орналасқан шығар деп едік, қамалдың ең жоғарысында орналасқан екен. Жоғарыға көтеріліп алып, “осы да керемет емес па, бұдан артық не керек” деп, сарайға кіруге билет алған жоқпыз :)
Бұл қамалдан шақырымдай жерде, таудың үстінде Джайгарһ деген тағы қамал бар. Егер уақытыңыз болса, оған да баруыңызға болады. Біз оған барған жоқпыз.
Джал-Махал сарайы
Қамалдан қалаға келе жатқан жолдың бойында, көлдің ортасында орналасқан. Бұл бес қабатты сарайдың көрініп тұрған бесінші қабаты ғана дейді. Қалған төрт қабаты су астында. 18 ғасырда салынған. Кезінде махараджаның жазғы сарайы болған. Ол кезде әлгі көл болмаған. Бір күні қуаңшылық пен ашаршылық заман келіп, су тапшы болған. Халқына көмектеспек болып махараджа тоған салдырады. Бірақ сарай тоғанның ортасында әрі таудың етегінде орналасқасын, таудан аққан су мен жауын шашын айналасына жиналып, қазіргі күйіне жетеді.
Ішіне туристерді кіргізбейді. Жағалаумен серуендеп, алыстан тамашалағанның өзі де жеткілікті.
Бирла Мандир ғибадатханасы
Лакшми Нараян ғибадатханасы деп те атайды. Бұл ғибадатхана бертінкеле, 1980 жылдары салынған. Ақ мәрмәр жарқырап, алыстан бірден көзге түседі. Бір ерекшелігі, Үндістандағы негізгі үш дін (индуизм, христиан діні, ислам) бейбітшілігі мен бірлігінің нышаны ретінде салған. Күмбездері де үш дін стилінде салынған. Бірақ мұнда тек үнді құдайларына сыйынуға ғана келеді. Ішіне кіру тегін, жалаң аяқ кіру керек. Тыныш, таза, әдемі саябағы бар. Біраз демалып алуға болады.
Ғибадатханадан шығып туктугімізбен (айтпақшы, ол да бізді өзінің келісіп қойған жібек сататын магазиніне апарып, бізге “неге ештеңе сатып алмадыңдар” деп ренжіп қалды) осы жерден қоштасып, ары қарата өзіміз жаяу жүретін болдық. Басты мақсат ақша аудару және Аграға жүретін автобустар аялдамасын тауып алу. Асықпай қала аралап жүргенде сағат 7 болыпты.
Cool story
Ақша аударатын жерлердің бәрі жабылып қалған. 2–3 шақырымдай жаяу жүріп ақша аударатын жер іздедік. Сағат 8 болды. Қараңғы түсіп кетті. Бір саудагер “осы маңда болу керек” деп бір қуысты көрсетіп жіберген. Сол қуыспен жүріп, негізгі көшеден шығып кеттік. Жарық жоқ, қараңғы қуыс көшелер. Бірақ “вестерн юнион” деген жазуды көріп, алдымыздан шыққан кісіге доллар аударуымыз керектігін түсіндірдік. Ол біреуді айқайлап шақырып алып, екеуі бізге “былай жүр” деп тағы бір қуыспен өткізіп, екі қабатты қараңғы ғимараттың ауласымен өтіп, екінші қабатқа алып бара жатыр. Ауласына кіріп алғаннан кейін “біздікі не ерлік” деп ойлап қоямын. Артта келе жатқан Райымбекке, “қазір бірдеме болса қашамыз” деп ескертіп қойдым :) Екінші қабатқа көтеріліп, бір қуыстағы кеңсеге келдік. Үрейіміз расталмады. Тәп-тәуір кеңсе. Еш кедергісіз $100 аударып алып, жарық көшемізге қайта шықтық. Бірақ сіз саяхатта ондай ситуациядан аулақ болыңыз :)
Жақын маңдағы ойын сауық орталығына кіріп кешкі асқа макдональдс жеп, смартфондарымызды қуаттап біраз отырдық. Сол жерде интернет арқылы Аграға баратын автобус іздеп, онлайн брондай қояйық деп едік. Бір сағат әлектеніп, дым шықпағасын автостанцияға бардық.
Автостанция деп тым асырып айтылған. Екі көшенің қиылысында орналасқан, билет сататын кішігірім дүңгіршегі бар автобус аялдамасы. Жиналып тұрған адамдарға барып, “Аграға автобус осы жерден жүре ма?” деп едік, біреу бізге көмектеспек болып, дүңгіршіктегі билет сататын адамнан өз тілдерінше бірдеңе сұрап, бір екі диалогтан кейін бізге келіп, “жоқ” деді. Мәссаған! Енді қайда барамыз? Есеңгіреп, не істерімізді білмей қайтадан интернет арқылы билет алуға тырыстық. Тағы бір сағатымызды интернеттен Аграға қалай жетуге болады деген мақалаларды оқуға кетті. Райымбек әубастан әлгі үндіске сенбей, өзіміз дұрыстап сұрайық деген. Билет сатушыдан “басқа қай жерден Аграға автобус жүреді” деп өзіміз барып сұрасақ, “осы жерден жүреді” дейді. Тълк! Сонда манағы үнді не сұрады? 500 рупийге түнгі 00:30-да жүретін ең соңғы автобусқа слипер орынға(пойыздағыдай жататын орынға) билет сатып алдық. Келуін үш сағат күтіп, автобусқа мінген бойда талып ұйықтап қалдық.
Джайпур, қорытынды
Бұл қалаға таңертең келіп, түнде кеттік. Жоспарлау кезінде осы қалаға уақыт жетпей біраз жерлеріне бара алмай қаламыз ба деп уайымбаған едім. Негізгі жерлерін көріп үлгерген сияқтымыз. Кейін асықтай 2–3 күн жатып қала аралауға келуге қарсы емеспін :) Мен ертегілерден оқып, кинолардан көріп көз алдыма елестеткен Үндістан осы қаладай. Қала өте ұнады.
Келесі жазбада Тадж-Махал туралы және қалай пойызбен Непал шекарасына дейін жеткеніміз жайлы жазамын. Stay tuned :)
p.s: Барлық суреттер Райымбектікі (Samsung S8 смарфонымен түсірді)