ОША саяхаты. 2.2 бөлім. Үндістан — Агра

Агра қаласында барған жерлеріміз және қалай пойызбен Непал шекарасына дейін жеткеніміз туралы

Ablay Adilkhanov
10 min readApr 13, 2018

Агра

9-желтоқсан, 7-күн.

Жүргізушінің “шығыңдар, келдік! Ең соңғы сендер қалдыңдар” деген айқайынан оянып кеттік. Шынымен, автобуста ең соңғы біз қалыппыз. “Осы ма Агра?” деп нақтылап сұрап алып, тас қараңғыда ай даладан түсіп қалдық.

Картадан қарап едік, Тадж-Махалға дейін жеті-сегіз шақырымдай қашықта екенбіз. Қасымызда айналшықтап жүрген жалғыз туктукпен 150 рупийге келісіп, Тадж-Махалға қарама-қарсы, Джамна өзенінің арғы бетінде орналасқан Мехтеб-Багһ саябағына барып таң атқанын тамашаламақшы болғанбыз. Бірақ туктук жүргізушісі “ол жақта қараңғыда жүру қауіпті, оданда Тадж-Махалға бірден бара беріңіз” деп кеңес беріп, Тадж-Махалға әкеліп тастады. Өтірік айтты ма әлде шынымен қараңғыда ол жақта жүру қауіпті ме, білмедік.

Тадж-Махал

Біз барғанда сағат таңғы 5:30 болса да, билет алуға кезекке бірталай адам жиналып қалыпты. Ашылуын күтіп, билетке кезекке орын алдық. Билет құны шет елдік туристерге 1000 рупий! Ішіне үлкен сөмкемен кіргізбейтін болғандықтан сыртындағы жүк сақтау камерасына 20 рупий төлеп, жүгімізді тастап кеттік. Сағат 7 де кіргізе бастады.

Тадж-Махалдың Ұлы қақпасы

Үндістанның №1 “көру керек”, ғаламат, әлемде теңдесі жоқ ескерткіші. Әлемнің жеті кереметінің бірі. Үндістанға келсеңіз, мұнда келуге міндеттісіз! Қанша мәтінмен суреттеуге тырыссам да бәрібір бір көргенге жетпес :) Келушілер өте көп. Жоғарыда айтқанымдай, таңғы 4–5-тен бастап кезекке тұрады. Сіз де, баратын болып жатсаңыз мұны ескеріңіз. Біз сияқты турсыз келсеңіз, бірақ Тадж-Махал туралы көбірек білгіңіз келсе, қақпа алдында гидтің неше түрі бар. Ағылшынша білмесеңіз, орысша сөйлейтіндері де аз емес.

Тадж-Махал территориясы үлкен. Кесене аумағында үлкен саябақ, хауыз, Тадж-махал мұражайы, ғибадатхана, мешіт және кесене бар. Жоқ дегенде 1–2 сағат уақытыңыз кетеді.

Тадж-Махалға күнде келе бермейміз, сондықтан суреттер көп болады :)

Соңғы жылдары ауа-райы мен экологияның әсерінен кезінде жарқыраған әппәқ мәрмәр кесене сарғая бастапты. Жергілікті үкімет оны болдырмаудың бар амалын жасап жатыр. Аградағы ауаны ластайтын өндірістерді тоқтатып, кесене маңына жанармаймен жүретін көлік жолатпайды. Туристерге де кесене ішіне бахил кигізіп кіргізеді. Біз барған кезде кесененің жартысына қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп, сыртына арнайы ақ саз жағып әлі де тырысып жатыр екен. Бірақ сонда да сарғайып жатыр дейді. Өкінішті.

Суретке әрі түстік, бері түстік, мұражайға кірдік, мешітке кірдік, Тадж-Махалдың ішіне екі рет кіріп, сыртын 5–6 рет айналып, әйтеуір түске дейін уақыт өткізудің бар амалын жасадық. Саябақта жатып ұйықтайын деп едім, бес минуттан кейін күзетші келіп оятып жіберді. Болмайды екен.

Кіретін жер анау қақпаның (қызыл стрелка) арғы жағында, кезек мынау

Сыртқа шықсаң ішіне қайтып кіргізбейді. Сондықтан ішінде төрт сағат жүріп, сағат 11-ден кете сыртқа шықтық. Тағы екі-үш жерлер бар еді, соларды көріп келейік дедік. Біз шығып жатқан кезде Тадж-Махалға кезек 300 метрден асып, сырттағы саябаққа жетіп қалыпты. Сөмкемізді жүк сақтайтын қоймадан алмай, келесі нүктеге, Агра қамалына кеттік. 2–3 жақырым жер. Жаяу бара жатқан жерімізден велорикша тоқтап, жоқ дегенге түсінбей ақыры мінгізіп алды. Оған 20 рупий төледік.

Агра қамалы

Немесе қызыл қамал. 16 ғасырда салынған үлкен қамал. Ішінде патша резиденциясы, саябақтар, 2 мешіт т.б. бар дейді. Билет құны 550 рупий. Біз ішіне кірген жоқпыз, келесіде кірерміз :) Бірақ сізге кіруге кеңес беремін.

Қамалдың сыртымен бір шақырымдай жаяу жүріп, вокзал жақтан бір шықтық. Вокзалдың артында мешіт бар екен. Делидегі ақылы мешітке қатты ұқсайды. Аты да сондай, Джама мешіті.

Алысқа бармай, қамал маңын, көшедегі базарларды аралап, кейін түскі ас ішіп алып, жаяу Тадж-Махалға қайта бардық. Тағы басқа қайда барамыз деп ойланып, тізімімізді қарап едік, бәрі саябақтар, ғибадатханалар мен мешіттер екен. Қоймадан сөмкемізді алып, Тадж-Махал сыртындағы саябақтан көлеңке, тыныш жер тауып алып 1–2 сағат тынығып алдық. Айтпақшы, Тадж-Махалға кезек саябақ сыртына дейін шығып, бір шақырымға созылып жатты десем өтірік болмас. Кәдімгідей, бір шақырым!

Тадж-Махал сыртындағы саябақта

Сағат төрттен кеткенде вокзалға жылжи берейік дедік.

Cool story
Туктукпен 70 рупийге келісіп, вокзалға келдік. 200 рупий берсек, 60 рупий қайтарып берді. 70 рупийге келістік емес па десек, адам басына 70 рупий дейді. Жо-жоқ, сіз олай өйтіп неғылмаңыз, біз басқаша келістік деп әрі-бері салғыласып. Соңында “мен қазір полицияға звондап жатырмын” деп (кішкентай баланы алдағандай) телефонымды құлағыма тосып едім, жарықтық, “болды болды” деп қалған ақшамызды қайтып берді. Аздап аяп кеттім. Интернеттен оқып едім, жергілікті тұрғындар полицейлерден қорқады, осындай конфликт жағдайлар туындағанда полиция әрқашан туристерден болады деп. Сол рас сияқты.

Үндістан туралы жазбада көшедегі бұқа/сиырлардың суреті болмаған ұят болар :)

Вокзал алдында адамдар қоршап алып, “бітті, құрыды, билет жоқ, вокзал жабылайындеп жатыр, пойыздар ертеңге дейін жүрмейді т.б.” деген әңгімелерін айтып, бізді Делиге дейін таксимен апаруға барынша тырысты. Бірақ біз анау-мынау адам емеспіз, Үндістанда жүргенімізге бір апта болды. Ондайдың талайын естігенбіз :) Сізге де ескерту, “пойыз тоқтап қалды, билет бітіп қалды, ұшақтар ұшпайды, қонақ үйіңіз өртеніп кетті, жол жабылып қалды” деген әңгімелердің ешқайсысына сенбеңіз. Олар айта береді.

Үндістан вокзалдарында гуглдың жылдам әрі тегін вайфайы бар

Жоспар бойынша қазір 19:00-де пойызға отырып, Делиге 22:00-да барып, сағат 23:45-те екінші вокзалдан (бірінші вокзалдан 10 шақырым алыс) келесі пойызға отырып Непал шекарасына жақын Горакһпур деген қалаға жетіп алу еді. Екі пойыздың арасы 1 сағат 45 минут. Жоспарлау кезінде де осы жері дұрыс ойластырылмағанын байқаған едім. Бұл жоспар жүгезе асу үшін бірінші пойызымыз 1 сағаттан артық кешікпей бару керек. “Не болар екен” деп вокзалда пойызымыздың келуін күтіп отырдық. Интернеттен пойыз қазір қай жерде келе жатқанын онлайн қарап отыратын сервис тауып алып, тексеріп едік. Пойызымыз 1 сағатқа кешігіп келе жатыр екен. Тәуекелге бармайық деп, автостанцияға барып, Делиге 500 рупийге автобусқа билет сатып алдық та жолға шықтық.

Делиге автобуспен бара жатқандағы түріміз

Агра, қорытынды

Бұл қалада ұзақ болған жоқпыз. Таңертең келіп, түсқайта кетіп қалдық. Бірақ соның өзі де жарады. Басты мақсатымыз Тадж-Махалды көру болатын. Сондықтан басқа көрнекі жерлерді іздеп, алысқа баруға тырыспадық. Асықпасаңыз бір күн қонсаңыздар да болады. Бірақ одан көп емес.
Үндістанның басқа қалаларымен салыстырғанда кішкентай. “Алтын үшбұрыштың” бірі. Туристер өте көп. Тадж-Махал мен Агра қамалынан басқа баратын жер де жоқ сияқты. Дели, Джайпурдан мұнда жету қиын емес, 3–4 сағаттық жол. Біз дұрыс орталық көшелермен жүрмедік па әлде жалпы Арганың жағдайы солай ма білмеймін. Бірақ халқының жағдайы нашарлау көрінді. Басқа қалаларда жағдайы керемет демеймін, бірақ Аграда ерекше көзге түсті. Нағыз шантарам трущобаларын Аграда көрдім. Жолдың қақ ортасында орналасқан лашықтар. Мұнда төменгі кастадағы адамдар өмір сүреді. Жағдайлары өте нашар! Кішкентай балалары ойнап жүр. Анау жиналып отырған бір топ адамдар жол жиегімен ағып жатқан суды ішуге жинап отыр. Суретте байқалмайтын шығар, бірақ лашықтар өте көп, білдей бір аудан.

Делиге түнгі онбірге жақын келіп, метро станциясы жанынан түсіп қалдық. Вокзалға дейін метромен 1 “пересадкамен” барып, екінші пойызымыздың жүруіне 15 минут қалғанда дәл үлгеріп, мініп кеттік. Алда Горакһпурға дейін 15 сағат жол. Пойызға билет 400 рупий.

Сол баяғы қаңылтыр вагон, үшінші қабат

Үндістан, қорытынды.

Ана қаладан мына қалаға жүрігіп жүріп Үндістанда боламыз деген 7–8 күн де өтіп кетті. Бұндай саяхатқа бірінші рет шығып тұрғасын ба әлде жалпы Үндістанның өзі сондай ма білмедім, өте шаршатты. Жазған посттарымды оқып бәрі қызылды-жасылды, керемет, оңай, кинодағыдай болды деп ойлап қалмаңыз. Өте-өте оңай емес. Төзімділік пен дайындық керек. Әсіресе турсыр, өзіңіз жаяу араласаңыз. Интернеттегі әдемі видеолар мен суреттеріне алданып қалмай, Үндістан шынында қандай екенін барынша қызғылт көзілдіріксіз елестетіп, оқып, дайындалып барыңыз. Үндістанға баруға ең қолайлы уақыт — қыс мезгілі. Өте ыстық емес, суық та емес.

Бірақ барлық саяхатшыларды қызықтыратыны да осы шығар. Бұл ел тым өзге. Өзге адамдар, өзге мәдениет, өзге ережелер, өзге стереотиптер. (с) Біздің қалыптасқан дүниетанымымызға сыймайтын жерлері де болды. Бірақ осындай саяхаттың арқасында әлем осындай әр алуан мәдениеті мен адамдарының арқасында керемет екенін байқайсың. Еш өкінбеймін, керемет әсер болды. Бұйырса әлі талай барармын.

Үндістан, шығындар.

7 күнге, 4 қаласына, ішіп-жеуге, жолпұл, автобус, пойыз билеттеріне, жататын жерлерге, көрнекі жерлерге кіру билеттеріне кеткен шығындардың барлығын есептегенде әр адамнан $180 шығыпты. Бұл шығынды $150-ға дейін қысқартуға болатын сияқты :) Одан аз болу үшін енді ешқайда шықпай, бір қалада отыру керек шығар.

Біз қалай үнемдедік.
Бөтен елде жүргесін жергілікті бағалар қандай екенін білмейміз. Сондықтан ақша жұмсар кезде екі үш жерден бағаларын сұрап, салыстырып, кейде ерінбей көшеде өтіп бара жатқан саудагер емес адамдардан “осы баға дұрыс па, қымбат емес па?” деп сұрап аламыз. Әуежай, автобус, пойыздарда қону арқылы қонақүйге кететін ақшаны біраз қысқарттық. Қоғамдық көлікдерді пайдаландық, Таксиге мінбедік. Көп жаяу жүрдік. Артық ештеңе алмауға тырыстық. Ең бастысы саудаласу, саудаласу және тағы саудаласу. Су алсаң да, нан алсаң да саудаласасың. Саудаласқың келгеннен емес, өздері сондай. “Қанша” десең “қанша бересің” дейді. Нақты баға жоқ.

Үндістаннан Непалға

Жермен бару 6–7 есе арзан, бірақ 1–2 күн уақыт кетіп қалуы мүмкін және дайындалмаған саяхатшыға біраз стресс. Интернетте абай болыңыз, алаяқтар көп деп ескерткен. Бізге ондай тап болған жоқ. Бірақ сақ болғаныңыз артық болмайды.
Басты қатырмай Үндістаннан Непалға ұша салуға болады. Делиден Катмандуға күн сайын бірнеше рет ұшады. Билет бағасы шамамен 25–30мың теңге. Бірақ біз оңай жолын іздемейміз :) Қалжың. Біз тіке Катмандуға бармай Лумбини мен Покхара қаласына барғымыз келді. Ал оларға тіке ұшақ жоқ.

Үндістаннан Непалға өтетін 4–5 шекаралық пункт бар. Біз 2-3 ай бойы интернетте бар пайдалы/пайдасыз ақпаратты, ақыл-кеңестер, ескертулер мен комменттердің бәрін оқып, Сонаули (Соноли, Сонли, Сунаули) шекарасы арқылы өту — ең дұрыс шешім деген қорытындыға келдік.

Сонаули шекарасы

Горакһпур деген қалаға пойызға билет аламыз (Делиден бұл қалаға дейін билет бағасы 2000 теңге). Сонаулиге ең жақын қала осы. Бұл қаладан шекараға дейін 90 шақырым. Шекараға дейін таксимен не қоғамдық автобуспен баруға болады. Барлығы вокзал жанынан жүреді. Ең арзаны және ең жәй жүретіні ол әрине автобус. Біздің таңдау!

Сонымен, шекарадан өту нұсқаулығы. КҮНДІЗ 16:00-ден кешікпей Шекараға келесіз де, ешкіммен сөйлеспей бірден Үндістан жақтан шекаралық бақылау кеңсесін іздейсіз. Шекараға 600 метрдей жерде, жолдың сол жақ жиегінде, қонақүйдің бірінші қабатында орналасқан. Үндістаннан шықты деген мөр соқтырып алып, тіп-тіке Непалға қарата жүресіз. Әлі де ешкімнің көзіне тіке қарамайсыз, ешкіммен сөйлеспейсіз, ұсыныстары мен сұрағына жауап бермейсіз. Естеріңізде болсын, Непалға визаны, автобусқа билетті бәрін шекарадан өткеннен кейін аласыз. Үндістан жақтан виза алып берем, автобусқа билет алып берем дегендерге сенбеңіз. Непалға кіріп 10 метрдей жүріп оңға бұрыласыз да, иммиграционка келесіз. Визаның бағасын алтын-ала интернеттен нақтылап біліп алыңыз және дәл айтылған соммасын дайындап барыңыз. Артық ақшаны қайтармай, біраз сылтау айтуы әбден мүмкін. Анкета толтырасыз да Непалға виза аласыз. Құттықтаймын! Сіз Үндістаннан Непалға аман-сау, алаяқтарға алданбай өттіңіз. Шекара маңынан ақша ауыстырып алыңыз да баратын қалаңызға автобусқа билет алыңыз.

10-желтоқсан, 8-күн.

Шекараға баратын автоусымыз

Горакхпурға үш сағат кешігіп сағат 17:30 шамасында жеттік. Жоспарымыздан кешігіп жатырмын. Oh, this is not good! Шекараға дейін жүретін автобустар тоқтайтын жерді іздеп жарты сағат жүріп, сосын автобустың келуін күтіп. 19:00-де жолға шықтық. 90 шақырым жолды бір-біржарым сағатта жүріп баратын шығармыз деп ойлап едік, автобусымыз әр аялдамаға тоқтап, кептелісте тұрып 4 сағат дегенде әзер жеттік. Біз жоспарымыздан өте кешігіп келе жатырмыз! Шекарадан 2–3 шағырымдай жерден түсіріп тастады. Ары қарата жаяу жүріп, қараңғыда паспортымызға мөр соқтыру үшін Үндістан шекаралық бақылау пунктін іздедік. Дәл шекараға дейін барып, таппай, қайта артқа жүріп қараңғыда әзер таптық. Сөйтіп ресми түрде Үндістаннан шықты деген мөр соқтырып алдық та Непалға бағыттадық.

Интернеттен “Непал шекарасында көші-қон кеңсесінде кешкі тоғыздан кейін адам болмайды” деп оқыған едік. Бүгін виза алудан үміт үзіп, визасыз шекарада далада қонуға әбден морально дайындалып “не де болса” деп бара жатырмыз.

Айнала тас қараңғы. Сағат 23:50. Ай далада үйлерінен тым алыстап кеткен екі қазақ пен шегіп алған екі орыс (ол ұзақ әңгіме) Непал шекарасына қарай жүріп бара жатыр …

--

--