Оңтүстік-Шығыс Азия саяхаты. 1-бөлім. Дайындық.

3-желтоқсан мен 3-қаңтар аралығында Райымбек екеуміз Оңтүстік-Шығыс Азия (+Индия, Непал) елдерін аралап келгенбіз. Бұл мақала сол саяхатқа қалай дайындалып, қалай аяқталғаны туралы көп бөлімді мақаланың бірінші бөлімі.

Ablay Adilkhanov
7 min readMar 23, 2018

Сонымен, саяхат идеясы қайдан шықты.

2017 жылы, маусым айында, “Керуенде” достарыммен кешкі ас ішуге жиналдық. Әдеттегідей, тамаққа тойып алғаннан кейін, өзара әртүрлі тақырыпта әңгіме дүкен құрып отырдық. Қалай бұл тақырыпқа келгенімізді білмеймін, бірақ мен “арманым бір күні рюкзагымды арқалап, Азия елдерін аралап келу” деп айтып қалдым. Сол жерде Райымбек “давай! менің де ойымда жүрген нәрсе еді, мен де қосылам” деді. Айымзада “не ол, неол, мен де барайыншы” деп, сол жерде абыр-дабыр, қай елдерге баратынымызды географиядан еш хабарсыз тізіп шығып, бір гәукіп алдық. Отырыс тарағаннан кейін ол туралы ұмытып кеттім. Ондай армандар көп қой. “Бір күні, ақшам көп болғанда” деген армандардың бірі болатын.

Бірақ, бұл жолы айтылған әңгіме жерде қалмады. Ертесіне телеграмда Райымбек жазып, қай елдерге баратын едік деп нақтылап сұрай бастады. Мен басында аса мән бермей, картадан елдерді белгілеп, Райымбекпен талқылай бастадым. Жоспарлау бос уақытымда айналысатын хоббиыма айналды. Күнде кешке бір елді таңдап, ол елге қашан барамыз, қалай барамыз, қай қалаларында боламыз, ол қалада қайда қонамыз, қанша күн боламыз, қандай көрнекі жерлеріне барамыз деген сияқты ақпараттарды нақтылап, интернетті ақтарумен айналыстым. Кейде бір қаладан хостел таңдау үшін 1–2 аптаға дейін уақыт кететін. Букиң.комнан хостелдердің барлығын қарап, барлық пікірлерін оқып шығатынмын )) Жеке өзіме, осы жоспарлау кезеңінің өзі өте қызық болды. Сөйтіп, жоспарымыз күннен-күнге жүйелі, нақты бола бастады.

Қай елдерге, қашан, неше күнге, қанша қаражат?

Сапарымызға елдер қалай таңдалды. Басында ешқалай! )) Картаны аштық та, Азия елдерінің барлығын таңдап алдық.

Алғашқы нұсқадағы елдер тізімі: Үндістан, Непал, Бангладеш, Мьянма, Лаос, Филиппиндер, Вьетнам, Камбоджа, Таиланд, Малайзия, Сингапур, Индонезия, Папуа-Жаңа Гвинея, Австралия (Сидней), Жаңа Зеландия

Телеграм чатындағы талқылаулардан үзінді

Елдерді таңдау бір бөлек, бірақ алдымен саяхатымыз қанша күнге созылатынын және оған қанша қаражат жұмсайтынымызды нақтылап алу керектігін түсіндік. Басында 2 ай және 2млн теңге жұмсаймыз деп есірдік. Кейін мені жұмысым екі айға жібермейтінін және 2млн теңгем жоқ екені есіме түсіп, аздап жерге түсуге тура келді. Нәтижесінде 1 айға және 1млн теңге жұмсаймыз дедік (кейін қаражат қайта-қайта қысқартылып, 600мың теңгеге дейін түсті). Ол кезде менде ешқандай жиналған артық ақша болмаған еді. Бірден депозит ашып, ай сайын ақша салып тұруға кірістім. Жолға шамамен қараша, желтоқсан айында шығатын болдық. Маған 5–6 айда 1млн теңге жинау мүмкін емес еді, бірақ не болса да көрейін деп ай сайын шама жеткеніне байланысты 70–90мың теңге салып отырдым.

Уақыт пен қаражатты нақтылағаннан кейін елдердің тізімін азайта бастадық. Филиппиндер, Папуа-Жаңа Гвинея, Австралия, Жаңа Зеландия тізімнен бірден кетті. Тым шетте, жету, қайту тым қымбат. Интернеттен Бангладеш, Мьянма мен Лаос қауіпсіздігі туралы біраз оқып, “лучше не стоит” дедік. (айтпақшы ол кезде Мьянмада әлгі конфликт көпшілікке тарамаған кез еді). Вьетнамға виза жағын кеш ойлап, кейін жоспарымызға сыйғыза алмағасын оны да алып тастадық.

Соңғы әрі нақты баратын елдеріміз мынадай болды: Үндістан, Непал, Камбоджа, Таиланд, Малайзия, Сингапур, Индонезия

Жоспарымыздың соңғы нұсқасы

Қай қалаларға барамыз?

Елдер таңдалғанан кейін, осы елдерің қай қалаларына, аралдарына баратынымызды таңдау керек болды.

Үндістан

Үндістанда баратын қалаларымызды таңдау кезінде “алтын үшбұрыш” туралы ештеңе білмедік. Бірақ Тадж-Махалға (Агра) міндетті түрде баруымыз керек деп бірден келістік. Джайпурды интернеттен біраз суреттерін көріп тізімге қосып қойдық. Делиді астанасы болғандықтан ол да тізімге бірінші енді. Жоспарымызда соңғы нұсқасына дейін Варанаси қаласы болы. Себебі ол үнділер үшін ең қасиетті қала еді. Бірақ талқылай келе, ол қаланы Амритсар қаласына алмастырдық. (мен ютубтан әлем діндері туралы лекция тыңдап отырып, Сикхтардың Меккесі Амрицар дегенді естіп, кейін Вага шекарасы туралы оқып, тізімге қосып қойдым)

Үндістанда барған қалаларымыз: Дели, Амритсар, Джайпур, Агра

Непал

Непалда баратын қалалар аз. Астанасы Катманду тізімге бірінші енді (себебі тек Катмандуға ғана халықаралық әуежай бар). Покхараны интернеттегі суреттері үшін, таулы аймақ болғасын және Непалда тек бір қалаға бармайық деп қостық (қосқанымыз жақсы болды. Қала өте әдемі! Маған қатты ұнады). Үндістан шекарасына жақын Лумбини қалашығы біздің маршрутымызға жақын болғасын және Будданың туылған жері дегесін баруымыз міндетті деп ұйғардық.

Непалда барған жерлер: Лумбини, Покхара, Катманду

Камбоджа

Камбоджа қалалары да өте аз. Астанасы Пномпень (осы қалаға ұшып келетін болғасын), жағажайда орналасқан ең үлкен қала Сиануквиль, Кох-Ронг аралы және Таиланд шекарасына жақын Сиемреап қаласы (ары қарата Таиландқа өтіп кету үшін және Анкор тарихи ғибадатханалар кешеніне бару үшін). Біразға дейін Кампот, Кэп деген аймақтарына барамыз деп тізімге қосып қойғанбыз, бірақ сапар барысында уақыттың тығыздығына байланысты бара алмадық.

Камбоджада барған жерлер: Пномпень, Сиануквиль, Кох-Ронг аралы, Сиемреап

Таиланд

Жоспарлау барысында бар күшіміз алғашқы үш елге кетіп қалған сияқты, кейінгі елдерді аса тиянақты қарамадық. Астанасы Бангкокқа барамыз дедік, Пхукет аралына қалайда баруымыз керек дедік, сосын мүмкін Паттайяға барып қалармыз дедік. Бірақ саяхат кезінде уақытымыздың тығыздығына байланысты Паттайя мен Пхукетке бара алмайтын болдық. Сиемреаптен тіке Бангкокқа баратын автобусқа билет алдық. Кейін үйге келгесін ойланып, жолда Ко Чанг аралына соғып кетуге де болады екен деп қойдым.

Таиландта болған қаламыз: Бангкок

Индонезия

Бұл елді басында Бали аралы үшін тізімге қосқанбыз. Жоспарымыз бойынша Таиландтан Балиге ұшып барып, кейін астанасы Джакартаға дейін пойызбен барытын болғанмыз. Бірақ, жолға шығуға бір апта қалғанда Бали аралында жанартау атқылап, әуежайлары жабылып жатыр деген жаңалық оқыдық. Сондықтан Балиді тізімнен алып тастауға тура келді де, тек Джакартаға ғана баратын болдық.

Индонезияда болған қаламыз: Джакарта

Сингапур

Сингапурда тек Сингапур ) кіп-кішкентай мемлекет. Арғы басынан бергі басына метромен 40 минутта жетуге болады.

Малайзия

Малайзия саяхатымыздың соңғы нүктесі болды. Жоспарымызды барынша ыңғайластырып, жаңа жылды Абзалдың үйінде қарсы алатындай етіп құрастырдық. Бұл елде тек астанасы Куала-Лумпурда боламыз дедік.

Бастапқы жоспарымызды мына ресурстан қарауыңызға болады. Кейін ол туралы толығырақ жазамын.

Қаланың көрнекі жерлері

Жалпы қаланың “must visit” көрнекі жерлерін таңдау да баратын елдер таңдалғандай, басында картадан барлық жерлерді белгілеп алдық. Сосын уақытқа, рейтингіне, интернеттегі пікірлерге байланысты қатаң сұрыпталды. Мысалы мына суретте Делидегі “бару керек” деген жерлер белгіленген. Біз, екі күнде бұлардың 60–70%-на барып үлгердік.

Дайындық

Бір-екі айда саяхатты жоспарлап қойдық. Енді қалған 4 айды босқа жіберіп алмай, жолға жақсылап тұрып дайындалу. Басты мақсат 4 айда саяхатқа деген қызығушылықты жоғалтып алмау еді. Ол жағынан Абзал біраз септігін тигізді. Телеграмда жеке чат ашып, күн сайын “бүгін саяхат үшін не істедіңдер, не дайындалды” деп сұрап отырды. Абзалдың қадағалауымен осы сапарымыз жүзеге асты десем артық болмас :)

Ұшаққа билет

Бірінші нүктеміз Дели қаласы болғандықтан Астанадан Делиге жету жолдарын қарастыра бастадық. Ұшаққа билеттер құны бір бағытқа шамамен 90–100мың теңге болды. Ал Астана-Дубай-Дели бағытымен ұшақ бағасы 80мың теңгедей болады екен. Сондықтан біз соңғы әдіспен ұшамыз деп ойладық. Бірақ, қыркүйек айында, Air Astana-да жеңілдіктер болып жатыр деп Абзал чатқа сілтеме лақтырды. Райымбек екеуміз сол күні (ертесіне) кеңсесіне барып, сұрастырып, Астана-Дели (3-желтоқсан), Дели-Алматы (3-қаңтар) бағытына 64мыңға ұшаққа билет сатып алдық. Осы сәттен бастап саяхатымыз әшейін қияли әңгіме емес, шынымен болайындеп тұрған сапар екенін сезіне бастадым.

Катманду-Пномпень бағыты бойынша ұшаққа билетті шамамен 70мыңға сатып алдық. (нақты бағаларын шығын туралы постта жазамын).

Қай күні ұшатынымыз нақты болмағасын, Бангкок-Джакарта, Джакарта-Сингапур, Сингапур-Куала-Лумпур бағыты бойынша ұшаққа билеттерді сапар барысында алдық.

Виза

Алдын ала виза тек Үндістанға керек болды. Қыркүйекте Астана қаласындағы елшілігіне барып $100-ға бір айға single entry виза алып алдық. Непал, Камбоджа, Таиландға виза on arrival (елінде әуежайдан не шекарадан алуға болады). Индонезия мен Малайзияға 1 айға виза тегін. Сингапурдың визасы бөлек әңгіме. Негізі e-visa 1 айға $60. Бірақ біз 4 күнге тегін транзит виза алдық (not recommended). Ол туралы кейін толығырақ жазармын.

Пойызға билет

Үндістанның төрт қаласына және Непал шекарасына дейін пойызбен бармақшы болдық. Билеттерді бір ай қалғанда алдын-ала алып қойдық. Соның өзінде Джайпур-Агра бағыты бойынша билеттердің бәрі сатылып кетіпті.

Жататын жер брондау

Біз тек үлкен қалаларда ғана 1–2 күн болдық. Ал кішігірім қалаларға таңертең келіп, кешке кететіндей жоспарладық. Өйткені, біріншіден, уақыт тығыз, екіншіден, жатын орынға шығын азайту. Ал егер бір қалаға әуежайға түнде келсек, таңға дейін әуежайда қондық )) Сондықтан мысалы, Үндістанда 7 күн болдық, соның тек екі күнінде ғана хостелде қондық. Қалған 4 күн пойызда, автобуста қондық.

Барлық қонақ үйлер мен хостелдерді booking.com арқыды алдын ала брондап алдық.

Жолға алып шыққан заттар

Жолға тек бір рюкзактан ғана алып шықтық. Артық ештеңесіз, жеңіл киімдерден бөлек, бір қалың киім, екі аяқ киім, жамылғы, жаңбыр жауғанда киегін пакет (жолда оның керегі болмады), дәрі-дәрмектер, артығымен 3х4, 4х5, 5х5 суреттер, жұмыс орнынан анықтама, айлық түсетін картаның соңғы 6 айлық кіріс-шығыс тізімі, банктен анықтама (бұның бәрі Индонезиядан шығар кезде пайдаға жарап қалды), екі пауер банк, екі универсал розетка, 2–3 usb шнур, мойынға ілетін жастық (бекер алдық, эйр астанада тегін таратты), барлық құжаттардың, ұшақ билеттерінің, қонақ үйдің брондарының 2–3 көшірмесі, кішігірім иыққа ілетін сумка (өте керек!), банк картасы және қолға $500 (қалғаны картада), жуынуға арналған заттар (бірақ сұйықтық 100мл-нан аспауы керек, әйтпесе рюкзакты ұшақ салонына кіргізбейді)
p.s: Абзал жолға ине-жіп алып шығыңдар деп біраз қайталаған. Бірақ, соның не керегі бар дейсің деп алмай шыққанбыз. Бангкокта рюкзагым жыртылып қалып, жарты күн бойы қолға ұстап жүрдім. Сондықтан, келесіде міндетті түрде ине-жіп алып шығамын. (Абзал, ризасың ба?)

Осымен бұл жазбаны аяқтайын))) Бұл жәй саяхат кіріспесі ғана. Келесі жазбада Үндістанға барған кездегі қызықтарды жазамын.
Ощм, қызық болса, stay tuned :)

--

--