IT мамандықтар: девопс, бәкенд

Алдыңғы бөлімде клиент жақта жұмыстайтын бағдарламалық жасақтама әзірлейтін мамандықтарды талдаған болатынбыз. Енді devops инженер мен сервер жаққа жауапты бәкенд әзірлеуші туралы айтатын боламыз.

Мұқаммедәли
3 min readMar 20, 2023

1. Девопс инженер (Devops Engineer)

Немен айналысады?
Бір ауыз сөз ғой қарасаңыз devOps деген. Бірақ оның ішіне көп нәрсе кіреді. IT компанияның “бойына қан жүргізеді”, әртүрлі қауымдардың басын құрап, жасап жатқан жұмыстарын бір арнаға салып береді. Әртүрлі “қауым” деп бағдарламашылар (development), техникалық қолдау бөлімі(operations), сапа бақылауы(QA) мен қауіпсіздік бөлімін(security) айтамын. Әртүрлі практикалық, философиялық аспектілер мен сан алуан құрал-сайман, технологияларды қолданып инфрақұрылымды құрып береді. Сол құрылымның арқасында барлық іс дұрыс жолмен және жоғары жылдамдықпен жүре бастайды, компания сапалы өнімдерді жоғары жылдамдықпен шығара бастайды. Мысалы, сайтты айына бір рет қана жаңартып жүрген болсаңыз, devops инженер барда керек болса сағатына 10 рет жаңарта бересіз еш қиындықсыз.

Ақпараттық жүйеңіздің релизін шығару үшін “қораздар шақырмайтын” уақытта(түннің ең тәтті бөлігі) екі бағдарламашы жұмыс істеуі керек болса қазір қалаған уақытта батырманы (кнопка) шертіп жіберетін бір адам табылса жеткілікті.

Бұрын “продта” бірдеңені қиратып алмайық деп уайымдайтын болсаңыз, қазір “час пик” болып жатса да еш уайымсыз релиз шығара бересіз. Жұмыста кейде жүйенің қирағанын жұрттан естисіз ғой) Қылғынып тұрып қоңырау шалып жатқан клиент пен “Мырқымбай, ана жақта тағы не қирады қарашы” деп жатқан бастықтан) Ал devOps инженер бар болса жүйенің құлағанын тура сол құлаған сәтінде бір секундта ақ біле аласыз. Ол былай тұрсын, тіпті құламай жатып-ақ, алдын-ала болжап, біраз “қырғынның” алдын алуға болады.

Жалпы DevOps жоқта бағдарламашылар (development) мен техқолдау (operations) бір-бірімен дұшпан болса, ол келген соң жаңағылардың ауылы аралас, қойы қоралас болады. Бір-бірін шайға шақырып, бір дастарханнан ас ішіп, үлкені сөйлеп жатқанда кішісі тыңдап… жарайды, жарайды, бұл жерім әзіл. Нағыз қазақтар онсыз да бірге шай ішеді)

Қорытындысы, devOps келгенде шынымен де бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, біріге бастайды компания.

Не қолданады?
• Jenkins, GitLab Ci, AWS Code Pipeline, Azure DevOps, Nexus, Docker
• Nagios, Zabbix, Prometheus, Grafana, Elastic Stack, Telegraf
• GIT SCM, Terraform, Ansible, Packer
• Python, Databases

Жалақылары қандай?
🌎 → 6,603$
🇰🇿 → 1,215$ (1$ = 464 теңге)

2. Бәкенд әзірлеуші (Back-end Developer)

Не жасайды?
Көбіне бәкенд әзірлеушіні тек веб-сайт, веб-қосымшаның ішкі күрделі есептеуіш логикаларын жасайтын маман деп түсініп жатамыз. Алайда бәкенд әзірлеуші тек веб төңірегінде ғана емес, әртүрлі бағдарламалық жасақтама және ақпараттық жүйелердің бәкендін жасайды. Яғни серверлік қолдау күтетін кез келген қосымшаның бәкендін әзірлейді. Мысалы десктоп, мобилді қосымшалардыңда бәкендін жасайды.

Бәкенд деген жалпы серверде орындалып тұрған қосымша. Бәкенд әзірлеушінің жасағандарын пайдаланушылар көрмейді, өйткені біз оларды тікелей емес, тек интерфейс арқылы пайдаланамыз. Ал бізге интерфейс арқылы пайдалану мүмкіндігін фронтенд, мобилді, десктоп әзірлеушілер береді. Мысалы интернет дүкеннің тіркелуге арналған әдемі дерек енгізу формасын, тауар сақтайтын себетін фронтенд десек, ал деректерді дерекқорға сақтау, дерек енгізу формасын тіркелумен(регистрациямен) байланыстыру, себетті төлем шлюзімен байланыстыру, автоматты хат жөнелту, контентті енгізу, жаңарту, бұның бәрі бәкенд. Сондықтан, тіркелу формасы арқылы тіркеле алмай жатсаңыз, дерекқордан қателіктер ағылып жатса, басты кінәлі … тестілеуші) (бұл маман туралы да айтатын боламыз).

Не қолданады?
• Python, JavaScript, Ruby, Java, C#, Go, PHP т.б.
• Django, Express.js, Ruby on Rails, Spring, ASP .NET, Laravel т.б.
• PostgreSQL, MySQL, MSSQL, Oracle, MongoDB, Redis, Elasticsearch т.б.

Жалақылары қандай?
🌎 → 5,696$
🇰🇿 → 1,293$ (1$ = 464 теңге)

P/S
Жалақылары жайлы ақпарат алынған дерек көзі:

🌎 Stackoverflow Survey
🇰🇿 Kolesa Zerttey

Негізге алынған мақалалар:
https://t.me/aidarblog/20
https://t.me/itpathkz/443

Бірінші бөлім: medium.com/it-мамандықтар

Зейін қойып оқығаныңызға рақмет!

Instagram: @mukhammedali_muratkhan

--

--

Мұқаммедәли

Пайтін Бәкенд Софтуер Енжінер. Менің жазбаларым ешқандай жұмыс берушіме қатысы жоқ.