V Каспий Саммиті туралы

Сурет Интернеттен алынды

Саммит туралы

Обшым, былай…

Каспий деген теңіз бар. Яғни “теңіз” деп аталып жүр. Бар мәселе, соның аталып жүргенінде. Өйткені, ол теңіз болса, мұхитпен байланысар еді де халықаралық шарттар аясында құқықтық мәртебесі шешілер еді.

Каспий теңізі бес елдің иелігінде: Қазақстан, Түркіменстан, Ресей, Әзірбайжан және Иран.

Дәл бүгін, міне қазір, осымен бесінші мәрте өткізіліп жатқан саммит аяқталуға жақын. Каспийді өзара қолдану жөнінде халықаралық Конвенцияға ресми түрде, 5 елдің Президенттері тарапынан қол қойылды.

Алайда, оның құрылымы мен аты теңіз болғанымен, сыртқы сулармен байланысы болмаған соң, заты көл. Сондықтан, оның қойнауы мен акваториясын және теңіз түбін бөлісу жағын Каспий жағасындағы бес ел өздері шешуі керек.

Әңгіме мен болып жатқан саммиттің барлық мәселесі осы жерден келіп туындайды.

Каспийдің мемлекеттік құқықтық мәртебесі туралы келісім осыған дейін тек қана КСРО мен Иран арасында, 1940 жылдары болған.

Арада жылдар өтіп, КСРО ыдыраған соң бұған дейінгі екі мемлекетпен шектескен Каспийдің жағалауын енді 5 елге бөлу мәселесі күн тәртібіне шықты. Өйткені, Каспийдің қойнауын игеру, территориялық суларына иелік ету, балық аулау мен су бетіндегі қарым-қатынас ресми түрде шешілуі тиіс.

Сол үшін 2002 жылы Түркіменстан тарапы Каспий аймақтық елдерінің алғашқы саммитін ұйымдастырады. Одан кейін Тегеранда, Бакуде және Астраханда сәйкесінше 2007, 2010 және 2014 жылдары әр елдің басшылары күн тәртібіндегі мәселені талқылаумен келеді.

Барлық ақпаратты сүзіп шыққандағы түсінгенім, негізі Қазақстан, Ресей, Әзірбайжан және Түркіменстан арасында келісім бойынша анау айтқан өзара мәселе жоқ. Тек Иран ғана нақты келісімге келгісі келмей жүрген сияқты. Оны енді бүгін ғана интернет ақтарып отырған мен емес, осыған дейін бұл мәселеден хабардар адамдар пікір қылып анығын жаза жатар.

Әлқисса…

Барлық БАҚ қақсап айтып жатқандай, бақандай 20 жылдың үстінде өзара келіссөздерге азық болған Каспий Конвенциясына қол қою саммиті аясында біздің Президентіміз Каспий жағасындағы (Ақтау Каспийдің жағасында екенін білмейтіндер көп екен, солар үшін айтып жатырмын) Ақтау қаласына жұма, 10 тамыз күні күн батпай келді.

Сол күннің өзінде жергілікті халықпен, ал келесі күні жергілікті активпен кездесіп, одан кейін Құрық портындағы мультимодальды (не екенін білмеймін, интернеттен оқыдым. Мультифункционал деген болар) хабтың ашылуын өткізді. Сондай-ақ шын мәнісінде өте маңызды Саммиттің дайындығын пысықтады.

Бүгін, яғни, 12 тамыз күні сәскеде, сағат 10–11-лерде Әзірбайжан және Иран Президенттерінің әуе борттары Ақтауға қонды.

Сағат 12–13 жобасында Түркіменстан Президенті, ал 13:15-те Ресей Президенті Ақтауға ат басын тіреді.

Жобамен 14:45–15:00 кезінде Ресми қарсы алу, қыртым-шыртым любезностьтардан кейін қонақтардың терін суытпастан Саммит басталып кетті.

[Саммит өтіп жатқан Ақтау қаласы Маңғыстау облысына жататынын, вапше біздің елде Маңғыстау деген облыс бар екенін көпшіліктің есіне салып қояйын. Әйтпесе, оны да білмейтіндер баршылық].

Сонымен, Маңғыстау облысының қазіргі әкімі Ералы Лұқпанұлы осыған дейін Қазақстан Халықтар Ассамблеясын басқарған болатын. Сондықтан болар, бәлкім сәйкестік, бүгінгі ең маңызды халықаралық шара “Достық” деп аталатын ҚХА-ның жаңадан салынған әсем ғимаратында өтті.

Бұл жерде Саммиттің дәл бүгінге тағайындалуында да үлкен гәп бар екен. Ол, 12 тамыз, 2007 жылдан бастап — Халықаралық Каспий күні ретінде аталған.

Өздеріңіз байқап та үлгерген боларсыздар, барлық БАҚ “Саммит, саммит” деп жатқанымен, “той” басталмай жатып, бітіп қалды. Яғни, көтерген жүгі өте ауыр болса да Конвенция ешбір тараптың қарсылығынсыз, ләм-мим деместен қол қойылды. Бұл құжатпен жұмыс бұған дейін өте тыңғылықты жұмыс жүргізілгені соншалықты, 300-ден аса журналист келді десе де олар мардымды ақпарат таратып үлгермей жатыр.

Конвенцияға ың-шыңсыз қол қойылған себебі, оның мәтіні осыған дейін бес елдің сыртқы істер министрліктері тарапынан өзара келісіліп, тіпті Ресей Президенті Путин кешегі маусым айында мақұлдап та қойған. Яғни, бүгін тек ресми қол алысу және қол қою. Былайша айтқанда, айттырылған қыздың құлағына сырға салу секілді мәдени шара. Ал барлық келісім бұған дейін жасалып қойған.

Дейтұрғанмен, бүгінгі Саммитте қол қойылған Конвенцияның өте маңызды құжат екенін бес елдің президенттері де нығарлап, баса айтты.

Ал енді бүкіл БАҚ “Қол қойды, қол қойды” дегеннен әрі аса алмай жатқан Конвенциясы не дейді?

Шара басында жүргендер әлі де болса жаза жатар, ауылда жатып интернеттен түсінгенім, жұрттың барлығы күткендей, Каспий теңізін торт кескендей пышақпен дәл бөліктерге бөлу жағы айтылмайды. Бүгін Конвенцияға қол қойылса да бұл Саммит алдағы уақытта тағы да болмақ. Яғни, Каспий аймақтық елдерінің алтыншы саммиттін өткізуге Түркіменстан жағы дайын екенін айтқан. Алайда, уақыты белгісіз.

Конвенция жөнінде:

Каспийдің қойнауы мен түбі секторларға бөлінбек. Ал акваториясы ішкі және территориялық суларға, сондай-ақ балық аулау мен жалпы су кеңістігіне бөлінеді. Бірақ, бұл жерде де “Айттым болды, заң!” деген сөз жоқ. Сөйлемдер өте майысқақ. Мысалы, Каспийдің балығы мен түбін бөлісу жөнінде келісім әр елдің көршісі мен сол елге қарсы жатқан мемлекет арасында бөлек шешіледі. Яғни, айталық, Иран су астын Түркіменстан және Әзірбайжанмен және Ресеймен шешеді. Каспий жағалауы болса, әр елдің өзінің тәуелсіз территориясы аясында және көрші елмен астасып жатқан жермен халықаралық құжаттар аясында жеке-дара шешіледі.

Каспийдің үстімен, әуесімен бес елдің азаматтық ұшақтары еркін жүре алады.

Каспийге қандай да бір экологиялық қауіп төнсе, барлық елдер бірдей жауап береді. Балық аулау, кемелердің жүруі, тұрбалардың тартылуы мен ауқымды теңіз жобалары да арнайы келісімдер бойынша жасалады.

Конвенциядағы ең баса айтылған мәселе — теңіз бетінде бес елдің құрамына жатпайтын сыртқы елдердің әскери күшінің жүру мүмкін еместігі. Осы жерде айта кететін нәрсе, “АҚШ әскери базасын Қазақстандық Каспийде орналастырмақшы” деген қауесет. Алайда, біздің елдің СІМ тарапы ешқандай да база жоқтығын және америкалық әскери жүктің тасымалы ғана жасалғанын айтты.

Саммит барысында Иран Президенті Каспийге сыртқы күштердің келуінің мүмкін еместігін баса айтса, Түркіменстан жағы бүгін қол қойылған “Ұйымдасқан қылмыс пен терроризмен күрес Қаулысына“ өз үмітін білдірді. Ал Ресей жағы, атап айтқанда Путин бес елдің экономикалық қарым-қатынасын цифрландыру аясында жұмыс жүргізуді ұсынды. Біздің Президентіміз бекіре тұқымын сақтап қалуға ерекше көңіл бөліп, заңсыз балық аулауға қатысты өз алаңдаушылығын білдірді.

Саммит туралы барлық ақпаратты оқи отырып түсінгенім, дәл осы жерде Әзірбайжан жағына бәрібір сияқты. Соншалықты бір алаңдаушылық білдірген сөзін оқымадым. Мұнай игеруде соңғы технология бойынша барлық экологиялық талаптарға жауап беретін құралдармен жарақтанғанын ғана айтқан екен.

Тоқетері, бұл Конвенцияның өте-мөте маңызды құжат екендігі және қанша жылдан бері алғаш реті ресми түрде қол қойылған тарихи қаулы боп тұрғаны. Ал “Сонымен Каспий қанша процент кімдікі?” деген сұрақ бұл Конвенцияда да, саммит барысында да талқыланбаған сыңайлы, сондай-ақ ол сұрақтың талқыланбағаны 5 елге де қажет сияқты. Ойым қате болса және өзге де алып-қосар, бір білгені бар эксперттер бәлкім осында пікір қылып қосымша жаза жатар. Еш қарсылығым жоқ.

Айтпақшы, Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановқа симпатиям шамалы, дегенмен, қарапайым халық өкілі ретінде Саммитке дайындық, Ақтау қаласының дайындығы, Шараның өтуі высший класс болғанын айта кету керек. Өйткені, ҚХА-ның барлық бас қосуын өткізіп жүрген Лұқпанұлы мырза бұл жолы да Елбасымыздың көңілінен шыға білді. Жетібайда жатқан менің сөзім кімге дәрі болсын, Саммиттің өте жоғары деңгейде ұйымдастырылып, керемет өткенін бес елдің, тойыст төрт елдің (Назарбаев өзіміз ғой енді) басшылары қадап айтқан.

Саммиттен кейін Иран жағы мен Ресей жағы жеке кездесіп, мемлекетаралық жиналыс жасаған. Әрине, әңгімелері АҚШ пен Дональдеке Трампеке мен санкциялар.

Ал Қазақстан мен Иран кездесуі тіпті керемет өткенге ұқсайды.

Алайда, алайда…

Иран Президенті Хасан Рухани бұл Конвенцияның Каспий шекарасын түбегейлі нақтыламағанын тілге тиек ете отырып, бұл құжаттан бөлек келісім жасау керектігін қазір ғана айтты.

Сонымен, “Каспий көл ме әлде теңіз бе?”. Тараптар құжат жазу барысында “Көл” дегенге ыңғай білдіргенге ұқсайды.

Жетібай Ақпарат, Тимур Бектұр, 2018 жылдың 12 тамызы, 19:20